KZ
Өскемен
-10°
переменная облачность жел 2 м/с, З
523.86 544.34 5.11

Арман Шаққалиев – Шығыс Қазақстанның экспорттық әлеуеті зор

31.07.2024, 11:28 78 Нұржан Кенжеұлы

Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жергілікті бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесіп, облыстағы бірқатар сауда нысаны мен кәсіпорынның жұмысымен танысты.

Өнімді Қытай нарығына шығаруға дайын

Ал ең алдымен ведомство басшысы облыс әкімі Ермек Көшербаевтың қабылдауында болып, салаға қатысты келелі мәселелерді талқылады. Кездесуде Сауда және интеграция министрі Шығыс Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудегі әлеуеті зор екенін айтты. Облыс әкімі Ермек Көшербаев болса, өңір халқын бірінші кезекте жергілікті азық-түлікпен қамтамасыз етуге баса назар аударылып жатқанын мәлім етті. Бұл үшін өңірде бәрі бар.

Айта кетейік, аймақ басшылығының тапсырмасы бойынша облыстағы нақты жағдайды көру үшін қалалар мен аудандарда өндіріс пен тұтыну балансы есептелген болатын. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта дүкен сөрелері өзге облыста, тіпті өзге елде жасалған өнімдерге толып тұр. Және бұл өнімнің ішінде қажетті талаптарға сай келмейтіні аз емес.

– Негізі, бізде бәрі бар, бірақ біз сырттан сатып алуды жалғастырудамыз. Қазір осы мәселе бойынша бизнес өкілдерімен жұмыс істеп жатырмыз. Қалай болғанда да қосымша ынталандыру іс-шаралары қажет, – дейді облыс әкімі.

Аймақ басшысының пікірінше, егер өзіміздегі өндірісті жолға қойсақ, экологиялық таза өніммен облысымызды ғана емес, сондай-ақ республиканың өзге өңірлерін де қамтамасыз ете аламыз. Айналып келгенде, мұның бәрі ел экономикасына да оң әсер етері сөзсіз.

– Шығыс Қазақстан облысының экспорттық әлеуеті өте зор екенін айтқым келеді. Бұл әсіресе өсімдік майы, бал мен ет өнімдеріне қатысты. Өзінің табиғилығымен, жоғары сапасымен ерекшеленетін жергілікті азық-түлік тауарларына республикамызда ғана емес, көршілес елдерде де сұраныс жоғары. Бүгінде мемлекеттен бизнеске нақты қолдау шаралары қарастырылған, олар экспортқа, сауда-экономикалық миссияларды, көрмелерді өткізуге арналған шығындарға қатысты. Мысалы, Қытай. Бұл елде экологиялық жағынан таза әрі жоғары сапалы саналатын қазақстандық өнімдерге тұрақты сұраныс бар. Сол себепті, қазіргі уақытта Қытай елінің нарығын игеруге басымдық беруіміз қажет. Мұны Мемлекет басшысы да айтып отыр, – деді министр.

Осы орайда жақында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Үрімші қаласында өткен халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында Шығыс Қазақстанның бірнеше компаниясы көршілес елге өсімдік майын жеткізу жөнінде келісімшарт жасасқанын айтқан жөн.

 

350 адамды жұмыспен қамтымақ

 

Шығысқа сапары барысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Өскемендегі өсімдік майын өндіретін зауыттың жұмысымен танысты.

«Altai Mai» деп аталатын жаңа өндіріс орны жыл соңына дейін толық қуатына көшеуге тиіс. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Кәсіпорын басшысы Нұржан Меджановтың айтуынша, өндіріс орны толық іске қосылған кезде зауытта 350-ден астам адам еңбек ететін болады.

– Біздің зауытта тұқымды жуып-шаю, кептіру, сығу жұмыстары ешқандай қалдықсыз жүргізіледі. Сондай-ақ қазандық биоотынмен жылытылатындықтан ауаны ластайтын зиянды шығындылар болмайды. Қазіргі жоспарымыз бойынша күніне 220 тонна май, 200 тонна күнбағыс шроты өндіріледі. Жалпы, кәсіпорын тәулігіне 500 тонна шикізатты өңдеуге қауқарлы болады. Құрылыс жұмыстарын осы жылы толықтай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бәрі ойдағыдай болса, алдағы күзде жаңа зауыт толық іске қосылады, – деді «Altai Mai» компаниясының басшысы Нұржан Меджанов.

Белгілі болғандай, компания өзінің құрылғыларын Аргентинадан, Қытайдан және басқа да алыс-жақын шетелдерден алдырған. Жаңа құрал-жабдықтар мен технология арқылы осы салада жұмыс істейтін мамандар да біліктілігін арттыруға мүмкіндік алады деп отыр кәсіпорын басшылығы.

Мұндай өндіріс орнының ашылғанын кәсіпорын жұмысымен танысқан Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев те құптады.

– Елімізде осындай өндіріс орындарының ашылуы, әлбетте қуантарлық жағдай. Біздің мемлекеттік органдардың негізгі мақсаты – дәл осындай инвесторларға, кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсету. Өйткені, бұл – қосымша жұмыс орны, қосымша салық, қосымша табыс. Ең бастысы, азық-түлік қауіпсіздігі. Біз сіздер сияқты кәсіпкерлерге ерекше сенім артамыз, – деген министр тауарды экспорттау жағына да ерекше мән беру керектігін айтып, әсіресе көрші Қытай елінің өсімдік майына деген сұранысы өте жоғары екенін жеткізді.

Өсімдік майын өндіретін бұл нысан қала мен облыс экономикасының өсуіне де өз септігін тигізері сөзсіз. Белгілі болғандай, өндіріс орны қалаға 17 миллиард теңгенің инвестициясын құйған екен.

Облысымызға сапары аясында еліміздің Сауда және интеграция министрі Өскмендегі бірқатар сауда орнының жұмысымен танысқанын да айту керек. Олардың арасында «Гостиный двор» сауда кешені мен құрылысы аяқталуға жақын «Алтай» көтерме-тарату орталығы да болды.

 

Еш мәселе назардан тыс қалмайды

 

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев облыстың бизнес қауымдастығымен де кездесіп, кәсіпкерлерді толғандырған сұрақтарға жауап берді.

Облыс әкімдігінде өткен жиын барысында ведомство басшысына сан алуан сұрақ қойылды. Оның ішінде бизнесті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан қабылданып жатқан іс-шараларға қатысты сауалдар да болды. Cондай-ақ, сауда нысандарын модернизациялау, экспорттық баж салығы, уақыт белдеуінің ауысуы сияқты мәселелер да қаузалды.

– Жергілікті бизнес-қауымдастықты толғандыратын нәрсе көп екен. Енді соны бірлесіп шешудің жолдарын қарастыруымыз керек. Жалпы, мұндай кездесулердің екі тарапқа – кәсіпкерлерге де, министрлігімізге де берері мол. Осындай басқосуларда кері байланыс орнап, салаға қатысты көптеген түйткілді проблеманың басы ашылады, – дейді министр.

Жиында талқыланған маңызды тақырыптардың бірі елдегі сауда нысандарын жаңғырту мәселесі болды. Бұл бірінші кезекте базарларға қатысты.

– Жол картасына сәйкес, біздің елдегі сауда нысандарын жаңғырту мерзімі 2025 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Осы мерзім ішінде республиканың үлкенді-кішілі барлық сауда нысаны осы процестен өтуге тиіс. Мемлекет тарапынан қажетті шаралар қабылдануда. Жалпы, еліміздегі көптеген сауда базары өрт қауіпсіздігінің және санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың талаптарына сәйкес келмейтінін мойындауымыз керек. Егер олар заңнамада белгіленген осы параметрлер мен талаптарға сәйкестендірілмесе, онда 2026 жылдан бастап мұндай сауда нысандарының жұмысына рұқсат берілмейтін болады, – деп түсіндірді сауда министрі.

Ол сондай-ақ кәсіпкерліктің сауда нысандарын жаңғырту аясында несие мөлшерлемесін төмендетуге мемлекет тарапынан төрт миллиард теңге бөлінгенін атап өтті.

Бұған қоса ведомство басшысымен кездесуде өңірдің бизнес өкілдері экспорт бажы, мемлекеттік қолдау мен электр жабдықтарына қатысты мәселелерді көтерді. Арман Шаққалиев әр сұрақ толыққанды жауап қайыруға тырысып, барлық мәселені Үкімет деңгейінде қарауға уәде берді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу