KZ
Өскемен
+11°
переменная облачность жел 1,3 м/с, В
480.11 532.25 5.14

Соғыс және еңбек ардагерлерін Жаңа жылмен құттықтады

4.01.2016, 18:00 200


Семей қаласында орналасқан Шығыс Қазақстан Облыстық Татар қоғамдық орталығы Жаңа жыл қарсаңында соғыс және еңбек ардагерлерін дастарханға шақырып, ақсақалдар қауымына, әже-апаларға ерекше құрмет көрсетті.

Ардагерлерге Татар қоғамдық орталығының жетекшісі, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдерінің иегері және Татарстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, облыстық әкімшілікке қарасты «Дарынды балаларға арналған Шығыс Қазақстан облыстық арнайы балет мектебінің» директоры Камилия Исмаилова арнайы сый-сыяпаттар тарту етті. Және қариялардың өзара бас қосып, өткен өмірлері жайлы әңгімелесіп, жақсы күндерді еске алуына мүмкіндік жасады.

-«Ауылыңда қартың болса, жазылып тұрған хатпен тең» дейді ғой, қазақ халқы, міне біз бүгін татар ағайындар жиналып, Жаңа жыл алдында бас қостық,-дейді Еңбек ардагері Рашида Ашрафқызы Хасанова,-осыны ұйымдастырып отырған Татар қоғамдық орталығының жұмысына дән ризамыз. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын. Елбасымыз аман болсын, осылайша қарияларды қамқорлыққа алу дәстүрі жалғаса берсін.

Қазақстандағы ресми түрде ашылған алғашқы ұйымның бірі, жақында ғана 25 жылдығын атап өткен Татар қоғамдық орталығы бүгінде көптеген игі істердің бастамашысы. Олар ұйымдастырып отырған осынау Жаңа жыл алдындағы ардагерлердің бас қосуына соғыс ардагері Ғабдулғазиз Ахмеров, Татарстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ром Ильматовтар да қатысып, Жаңа жылда Семей халқына жақсылықтар мен береке-бақ тіледі. Жиын соңында балет мектебінің өрендері ардагерлерге арнап, тамаша билерін биледі, өз өнерлерін ортаға салды.

Раушан Нұғыманбекова
Семей




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив