KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 4 м/с, З
479.05 534.57 5.17

Төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі дода жалауын көтерді

29.07.2012, 18:00 252


Лондон төрінде ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Осылайша жер-жаһан жұрты асыға күткен дүбірлі дода басталып та кетті. Айта кетейік, еліміздің спортшылары биылғы Олимпиада ойындарының 106 лицензиясына иелік еткені белгілі. Жарыс жолына шығатын Отандастарымыздың жалпы саны - 116 адам. Алла сәтін салса, еліміздегі «спорт падишасының» 26 өкілі Лондонда өнер көрсетеді, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Төрткүл дүние көз тіккен Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ арнайы қатысқанын айта кетелік. Президент Олимпиа-да ойындарының салтанатты түрде ашылуынан бөлек ІІ Елизавета ханшайымның арнайы қабылдауында болады деп күтілуде.

Сонымен не керек, грек рим күресінен әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Нұрмахан Тінәлиев бастаған оғландарымыз дүбірлі додаға сақадай сай.

Айта кетейік, Олимпиаданың ашылу салтанаты өтпей тұрып кейбір спорт түрлерінен жарыстар басталып та кетті. Мәселен, 25 шілде күні әйелдер арасындағы футбол турнирі басталды. Турнир демекші, осы ойындардың бірінде шу шықты. Ұйымдастырушылар Колумбия мен Солтүстік Корея командасы кездесер алдында әдеттегідей қос мемлекеттің байрағы көтерілер сәтте Солтүстік Кореяның туының орнына Оңтүстік Корея республикасының туының бейнесін көрсетіп жіберген. Мұны көріп, терісіне сыймай ашуланған Солтүстік Корея футболшылары алаңға шығудан бас тартты. Ұйымдастырушылар комитеті кешірім сұрағаннан кейін ойын бір сағатқа кешігіп басталды. Бір қызығы, келеңсіз жайт Солтүстік Кореяның аяқдоп шеберлерінің көңіл күйлері-не кері әсерін тигізбеген секілді. Қайта шабыттандыра түскендей. Бұған Колумбия қыздарын 2:0 есебімен ойсырата жеңгені дәлел.

26 шілде күні Лондон Олимпиадасындағы дзюдо мен теннис турнирлерінің жеребесі тартылып, біздің спортшылар алғашқы қарсыластарының аты-жөнін білді. Дзюдо күресі бойынша 60 келі салмақта өнер көр-сететін жерлесіміз Еркебұлан Қосаев алғашқы белдесуінде канадалық Серджио Пессомен кездеседі. Халықаралық дзюдо федерациясы түзген рейтингте Серджио Еркебұланнан екі саты төмен тұр. 66 келіде Азия чемпионы Сергей Лим екінші айналымда болгариялық Мартин Ивановпен күреседі. 73 келіде Ринат Ибрагимов Олимпиаданы екінші кезеңнен бастайды. Олимпиадалық рейтингте бірінші орында тұрған Оңтүстік Кореялық Ванг Ки Чун мен грузиялық Нугзар Таталашвилидің қай жеңгені біздің балуанмен белдеседі. Ванг Ки Чун олимпиадалық рейтингте 1-орында тұрса, Таталашвили Ринаттан бір саты төмен, 20-сыншы орынға жайғасқан. 81 келіде Ислам Бозбаев бірінші айналымда украин балуаны Артем Василенкомен жолығады. Олимпиадалық рейтингте Ислам 15-інші тұрса, Артем 17-інші. Егер Ислам жеңіп жатса, екінші айналымда оған Тоголық Саша Денаюн қарсылас атанады. 90 келідегі балуанымыз Болат Тимурдың алғашқы қарсыласы – египеттік Хишам Месбах. Египет спортшысы олимпиадалық рейтингте 13-інші, Болат 19-ыншы орында. 100 келіде Олимпиада алтынынан басты үміткер спортшымыз Максим Раков алғашқы айналымда Эльмар Гасимовпен күреседі. Раков рейтингте бірінші орында болса, Әзірбайжан өкілі 20-сатыда. 100 келіден жоғары салмақта сынға түсетін Ержан Шынкеев Тунис дзюдошысы Файкел Джабаллахқа қарсы татамиге шығады. Ержан олимпиадалық рейтингте 22-інші орында, қарсыласы 19-ыншы орынға тұрақтаған. Дзюдо күресі бойынша 48 келіде әйелдер арасында отандасымыз Александра Подрядова олимпиадалық рейтингте 5-інші орында тұрған моңғол қызы Мухбат Урантсес-тегпен белдеседі. 78 келіде жерлесіміз, Зайсан ауданының тумасы Гүлжан Исанова өзінің Азиядағы үйреншікті қарсыласы Ким На Юнмен боз кілемге шығады. Ким Олимпиадалық рейтингте 6-ыншы сатыда тұр, ал Гүлжан болса, 11-інші орында. Бірақ, Ташкентте өткен Азия чемпионатында Гүлжан кәріс қызын жеңген болатын.

Теннисшілерімізге келсек, Михаил Кукушкин алғашқы айналымда француз Жиль Симонмен кездеседі. Галина Воскобоеваның алғашқы қарсыласы – Венгриялық Тимеа Бабош. Ярослава Шведова румын қызы Симона Халеппен жолығады. Ярослава Шведова мен Галина Воскобоеваның жұптасып та өнер көрсетеді. Жұптық бәсекедегі олардың алғашқы қарсыластары – канадалық Александра Возниак пен Стефани Дюбуа болмақ.

Ұйымдастырушылар Лондондағы Олимпиада ойындарын жалпы есебі 4,8 миллиард адам тамашалайды деп болжам жасаған екен. Сол 4,8 миллиардтың ішінде қазақ жанкүйерінің де үлесі мол болары анық. Алыс Лондонға ақшасы көптер аттанғанымен, жанкүйердің басым көпшілігі көгілдір экранды серік ететіні сөзсіз. Осы орайда, «Ел арна» мен «Хабар» телеарналары қазақстандық жанкүйерлерге эфирдің тұтастай 250 сағатын арнап отыр.

Ендеше, Алаш жұртының үмітін арқалаған оғландарымыздың асығы алшысынан түссін деп тілейміз.

КЕРЕК ДЕРЕК

12 тамызда мәреге жететін Лондон Олимпиадасына әлемнің 200-ден астам мемлекетінен 10,5 мың спортшы қатысады. Олар 39 спорт түрі бойынша 302 медальдар жиынтығын сарапқа салады. Дүбірлі додаға елімізден 115 спортшы аттанды, оның алтауы – біздің жерлестеріміз. Олар – боксшы Данабек Сужанов, жеңіл атлеттер – Ольга Рыпакова және Анастасия Сопрунова, каноэда ескек есуші – Рафаиль Вергоязов, балуандар – Еркебұлан Қосаев пен Дархан Баяхметов.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив