KZ
Өскемен
+13°
ясно жел 3 м/с, В
479.05 534.57 5.17

"БОМЖ"

15.02.2012, 18:00 200


Бұл хикаяны Тарбағатай ауданының Ақжар ауылы мен Өскемен қаласы аралығында жолаушы тасымалдап нәпақасын айырып жүрген бір танысым, жігіт ағасы азамат айтып берген еді. Енді сол өз құлағыммен естігенімді аздап "сақалын күзеп", "мұртын басқаныммен", шып-шырғасын шығармай сіздерге ұсынып отырмын.

- Биылғы жазда Өскеменге кезекті сапарға шығар қарсаңда құдайы көршім келіп: "Мына бір етті қызыма апарып берші, қызылсырап жүрген шығар жарығым, тұратын жері мынау" деп, қолыма қомақтылау қызыл шүберек дорба мен мекенжай көрсетілген қағазды ұстатты.
"Көрші хақысы – тәңір хақысы", анасының аманатын баласына тапсыру үшін Өскеменге жете салысымен қағазда көрсетілген жатақханаға бардым. Есігі жабық тұр екен. Біреулерден сұрастырып едік, қайда жүргенін білмейтін болып шықты. Ертеңінде таңертең тағы бардым, жоқ. Қайтатын уақыт та болып қалған еді, әрі Ақжарға баратын жолаушылар да толық табылған-ды. Амал жоқ, аманат дорба мен мекен-жай жазылған қағазды Өскеменде түратын ұлыма қадағалай табыстап ауылға қайттым. Көршіме мән-жайды айттым. Түсінді, әрине, түк демеді.
Бірер күннен кейін тағы Өскемен тарттым. Кешкісін ұлымның үйіне келіп, көрші сәлемдемесінің "тағдырын" сұрасам, иесіне әлі тапсырылмапты. Екі барып таба алмапты, қағаз жазып есігіне қыстырып кетіпті. Қызметтегі келінім болса, бұл жайдан хабарсыз екен.
- Енді ет қайда? - деймін ғой баяғы.
Еті несі? Қағазға бірнеше қабаттап оралған қатты нәрсе сияқты еді... - дейді ұлым өзінен-өзі қуыстана күмілжіп.
Ойбай-ау, дорбадағы ет екенін саған айтпағанмын ба? Қайда қойдың? -дедім бір "бөленің" болғанын сезіп.
Ет екенін қайдан білейін... Екі рет барып таба алмаған соң, балконға қоя салғанмын...
Балконға ұмтылдым. Ұлым да қосарлана шықты. Ашып қарадық. Жаздың ыстығы қойсын ба, қағазға қабаттап орап дорбаға салған ет әбден иістеніп кетіпті.
- Бұйырмаған екен, көршіме түсіндіріп айтармын, - деп қоқысқа тастаттым.
Таңертеңгісін талай іздеп барып таба алмай жүрген қыздың өзі келді. Бала кезінде кім байқаған, бой жетіпті, жұтынып түр.
- Мамам сізден ет беріп жіберіпті ғой, - болды аман-саулықтан соң айтқаны.
- Айналайын-ау, қайда жүрсің? Талай рет іздеп бардық, жоқсың. Қанша күн өтті, етің сасып кетіпті...
- Қайда?! - қыздың жан дауысы шықты.
- Не қайда? - деппін оқыс айғайдан сасып қалған мен.
- Етті айтамын, қай жерде?
- Сасыған етті асып жеп қойды деп пе ең, далаға апарып, қоқыс төгетін жерге тастағанбыз.
- Не деп тұрсыз, қашан?!
Бойжеткеннің дауысы үдеп, айғайға айналып бара жатты. Сүйкімді жүзі түтігіп, танауы қусырылып кеткен.
Кеше түнде...
Ойбай-ау, оның ішінде ақша бар ғой!
Енді мұнысы анық айғай еді. Көзінде күдік, сенімсіздік. Соны таныған өзім қарадай қысыла бастадым. Менің қолайсызданғанымды қыз да байқады, әрине. Оны өзінше ұққан болар, іле ойындағысын ақтара салды:
- Мүмкін, өзіңіз алып қойған шығарсыз?!
- Не тантып тұрсың! Шешеңнің етке ақша орап бергенін иіскеп білмекпін бе? Маған неге ескертіп айтпайды?! Өзің қайда қаңғып жүрсің? Енді келіп мені ұры атамақпысың?! Сенде өзі ұят бар ма?!
Жап-жас қыздың жазықсыз жаласына жәбірленген жаным ышқынып, енді мен айғайға бастым. Мұны күтпеді ме, бойжеткен үн-түнсіз қалды. Жүзіндегі бағанағы көкбеттіктің орнын абыржу басқан. Мен де үнсізбін. Осы сәтте әлгінде ақша туралы сөз болғанда-ақ балконға жүгіріп шығып, қайта жеткен ұлым көмекке келді:
- Ішіндегі қоқысты алып кетпей тұрғанда контейнерді қарайық! - деді ол асыға-аптыға.
Үшеуіміз де сыртқа ұмтылдық. Далаға шыға салып, ұзын ағашпен қоқыс толы контейнерді ақтара бастадым. Жанымдағы қыз қоса үңілуде. Ұялған болар, ұлым анадай жерде оқшау тұр. Ағашпен олай бір, былай бір сапырылыстырамын келіп. Көршім берген қызыл шүберек дорбаны танимын ғой, табамын деген үміттемін. Әрі-беріден соң бастапқы ыңғайсызданудан арылып, бойым үйренгендей, үстіндегі қомақтылау қоқыстарды қолыммен алып шығарып, бір шетке тастауға кірістім. Мұнда не жоқ дейсің... Иіс-қоңысы қандай...
Осындай "қызу жұмыс үстінде қасыма бір еркек пен бір әйел келді. Келгенде, тіпті, менімен иық түйістіре қатар тұра қалды да, контейнердің ішіне үңілді. Еріксіз бойымды жазып, көз тоқтата қарадым. Үсті-бастары сауыс-сауыс, көз айналасы көгіс тартып ісінген, бет-ауыздары домбыққан. Мыж-мыж кейіптерінен жас мөлшерлерін болжап болмайды. Екеуінің қолында да үлкен-үлкен, кір-кір қытайы кенеп дорба. Танып түрмын, "бомждар". Еркексымағы келе мені ығыстырып кимелей итеріп, дөңайбат көрсете:
- Это наша территория, пошел отсюда! - дегендей мағынадағы "түсініктемеге" қоса тікенектей боқтық сөздерді де бората, қырылдақ дауысын зорайта, зілдене соқтықты. Бар айтқаны жадымда жоқ, әйтеуір ашу-ызалы "мәлімдемесінің" түйіні осы еді. Қатарындағы әйел де бірдеңесін бықсытып, айғайлаған болып жатыр. Тіпті, жауап қатуға мұрша берер емес, ықтырып барады. Онсыз да күйіп,
_"теріме сыймай" тұрған менің талағым тарс айрылды. Сөйтіп, әкіреңдеп түрған еркекті құлақшекеден қалай ұрып жібергенімді байқамай қалыппын. "Бомж" жалп ете түсті. Тұра қашқан серігі баж-бұж. Бірақ анадайдан айбат шеккені болмаса, жаныма жақындай қоймады. Таяса әйел екен деп аяғалы тұрған мен жоқпын. Қолымда - қоқыс ақтарған ұзын ағаш, «нокаутқа» түсіре ұрып жыққан қарсыласыма қарап, білген орысшаммен кіжінулімін. Мені жеңе алмасына көзі жеткен "бомж" болса, сәлден соң орнынан тұрды да, "территориясын" тастап жүре берді. Әйел соңынан ілесті. Екеуі де бұрқылдап барады...
"Төбелес" шыққан сәтте-ақ аулаққа шегінген бойжеткен әудем жерге кетіпті, көзі бақырайып кеткен. Ал, оқиға барысын бақылаушы ұлым шек-сілесі қата күліп түр. Тіпті, ішін басып бүгіле күледі келіп... Ерсі "тірлік" екенін енді аңғарғандаймын. Ерсі болмай ше, бұтымда - қытайы жасыл трико, үстімде - сұр түсті жеңсіз көйлек, аяғымда жеңіл шәркей, барлыгы үйде киіп жүрген жөнсалдау "дүниелер". Осындай кейіпте қолымдагы ұзын ағашпен қоқыс ақтарып тұрған мені әлгі "бомждардың" осында пайда болған "бақталасына" балауы әбден мүмкін ғой... Сасқанымнан алақтап айналама көз салдым. Бір абыройы (бүйткен абыройы құрысын), таңертеңгілік мезгіл болған соң ба, "қызығымды" тамашалаушылар байқала қоймады. Тек бірен-саран ары өткен-бері өткендер жалтақ-жалтақ қарайды. Олардың ойында не кеткені бесенеден белгілі. "Тегін концерт" көріп жетіскен ұлым болса анау. Тіпті, әлгінде ғана көзі бақырайып кеткен құдайы көршімнің қызы да жүзін төмен салып жымия қалыпты. Соның ақшасын іздеп жатқандықтан, осындай ұятты жағдайға ұшырап тұрғанымды ұмытып кеткен сыңайлы...
Бірақ, болар іс болды, енді тайсақтайтын ештеңе жоқ еді. Не күлерімді, не күйінерімді білмей әрі-сәрі болып азғана тұрдым да, қоқыс төгілген контейнердің ішін тағы қопарыстыра бастадым. Бір сәтте түпкі жақтан қызғылт шүберектің шеті көрінді-ау! Менің дорбам, менікі емес-ау, іздеген дорбам! Апыл-ғұпыл ағашпен іліп алдым. Аузын ашып, қабатталған қағаздарды жұлып-жұлып тастадым да, мүңкіген иістен лоқси тұрып етті қолыма алдым. Ал, дорбаны көріп қасыма жетіп келген қыз қолын сілкілеп, мұрнын басып дереу кері шегініп кетті. Алайда, менде шегінер жер қалмаған-ды. Іздегенім сәтте табылды: арасы ашылған кесек еттің дәл ортасын қуыстап, оған қағаз целлофан салыпты, ішінде ақша! Бар-жоғы үш мың теңге! Қызға қарадым, қыз төмен карады.
- Шешең қанша ақша жіберген екен? - Бағанадан бері ойда тұрған сауалды енді қойдым.
- Үш мың деген...
Таңертеңгі қарқын жоқ, бойжеткен үні бәсең. Сондағы әбестігіне қысылып тұр ма, кім білсін. Ақшаны қыздың қолына үн-түнсіз ұстата салдым да, бұрылып жүре бердім...
...Содан бері Өскеменге келіп, үйіне барсам болды, ұлым: "Территорияңды байқап қоймайсың ба?" деп сырт жақты нұсқайды да, күледі келіп. Келінім де мәз. Сөйтіп, ойда жоқта "бомж" болғаным бар.
Қанша қиыстырмақ болсаң да ойға орала қоймайтын оқиға екен... Сонда сіз арқылы қызына ақша жіберген көршіңіздің қылығын қалай түсінеміз? Айналдырған үш мың теңгені еттің арасына орап жасырып, тығып әлектенбей-ақ, қолыңызға ұстатса да апарып берер едіңіз ғой, - деймін танысымның "бомж" болу тарихын қызыға тыңдаған мен әңгіме соңында тым шетін қылыққа таңданысымды да жасыра алмай. - "Естімеген елде көптің" кері ғой мынау...
- Соны айтсаңызшы! Көрші болмай аулақ кетсін! - дейді әңгімешім сондағы оқиға есіне түскен сайын басын көтеретін ашу-ренішін жасыра алмай.
- Өзіне барып айттыңыз ба?
- Сондай адамға сөз шығындап қайтемін, тіпті бет-жүзін көргім келмейді. Болған жайды қызы жеткізген шығар, өзі де біздің үйге қайтып бас сұққан емес...
Сәл үнсіздіктен соң сөзін қайта жалғады:
- "Ана жаққа" барғанда (қолымен иығынан асыра сырт жағын нұсқады - о дүние дегені) "Көршіңмен қалай тұрдың?" деп сүрайтын көрінеді ғой. Сондайда не айтар екем...
Танысымның жүзінде түңіліс пе, шарасыздық па, әйтеуір бір түсініксіз қүбылыс бар еді. Мен ойладым: "Апыр-ау, біз не болып барамыз? Басқаны қойып қүдайы көршімізге сенуден калғанымыз ба?.."
Сіз ше, ойлы оқырман, біз баян еткен, өзіңізге жеткен "бомждық" оқиғаға күлер ме едіңіз, күйінер ме едіңіз?..

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив