Маңырақ мектебін жөндеу екі кезеңге бөлінді – Тарбағатай
ШҚО Тарбағатай ауданына қарасты Маңырақ ауылындағы мектеп 50 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Содан бері мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген.
Мектеп ғимаратына қатысты мәселенің көптігінен жөндеу жұмысын екі кезеңге бөліп жүргізу ұйғарылды, деп хабарлайды Аltaynews тілшісі.
Жоспар бойынша биыл қасбет пен шатырдағы барлық жұмыстар аяқталады. Ал келесі жылы ғимараттың ішін әрлеу жұмыстары қолға алынбақ.
Жарты ғасырлық тарихы бар бұл мектептен сирек жәдігерлерді де табуға болады. Мектепте өткен ғасырдың 50-ші жылдары шығарылған «Беларусь» пианиносы сақталған. Аспап тек баптауды қажет етеді.
Облыс әкімі жұмыс сапары аясында мектеп ауласындағы Ұлы Отан соғысына қатысқан Маңырақ ауылының тумаларына арналған ескерткішті жөндеуді де тапсырды.