ШҚО полицейлері синтетикалық есірткі сатушыны құрықтады
Полицейлер есірткіні аса ірі мөлшерде таратты деген күдікпен Өскеменнің 35 жастағы тұрғынын ұстады. Ер адам синтетикалық есірткіні интернет арқылы сатқан, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тәртіп сақшылары одан түрлі-түсті скотчпен оралған, ұнтақ пен түйіршік түріндегі зат салынған, «100 г меф» деген жазуы бар мөлдір зип пакетті тәркілеген.
Сонымен қатар полицейлер күдіктінің үйінен «тауарды» орауға арналған пакеттер, фольга, электронды таразылар мен изолента тапқан.
Сараптама нәтижесіне сәйкес, тәркіленген зат мефедрон психотроптық заты болып шықты.
Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, есірткі таратушы сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Фото: ШҚО ПД баспасөз қызметі