Өскеменге Риддер әкімінің кубогы үшін сұрмергендер жиналды
Бүгін облыс орталығында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Риддер қаласының мәдени күндері өтіп жатыр.
Ауылшаруашылық өнімдері ұсынылған жәрмеңкеден басталған игі шара дәстүрлі садақ ату спорттық өнерін көрсетумен жалғасты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскемен халқы үшін әр сенбі ерекше. Өйткені апта сайын мәдени күндер өткізу дәстүрге айналған. Бұл жолы шаһар тұрғындары үшін мәдени күндерді Риддер қаласы ұйымдастырды. Нарықтан төмен бағада азық-түлік алған жұрт, спорттық ойындарға қатысып, мерекелік бағдарламаны да тамашалады.
Ал Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығы алаңында сұрмергендер жиналып Риддер әкімінің кубогін олжалау мақсатында бәсекеге түсті.
Әкім кубогы үшін жарысқа алыс-жақын аудандардан 40-қа жуық садақшы жиналыпты. Көрші Абай облысынан да бақ сынауға келген садақшылар бар. Турнирге қатысушылар арасында Шығысымыздың садақшысы, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының командалық есепте күміс жүлдегері және "Oskemen sadaq atu" федерациясының Президенті Ажар Төлеуханова да болды.
Өз сөзінде садақшы қыз жарыс алаңына жастардың ұлттық спортқа деген сүйіспеншілігін оятуға және білгенін үйретуге келгенін атап өтті. Өйткені қатысушылар арасында алғаш турнирге қатысып, бақ сынап жатқан спортшылар да бар. Солардың бірі – Александр Худяков. Риддер қаласынан келген садақшы, ұлттық спортқа қатысып жүргеніне небәрі төрт ай болғанын алға тартты. Жүлде қоры - 600 мың теңге. Жарыс соңында әйелдер мен ерлер арасында жүлдегерлер анықталады. Топтық есепте жеңіске жеткендер де марапатталады.
Балауса Қожаева