Туберкулезден емделіп шыққан үй-күйсіз жандарды не күтіп тұр?
Фото: shutterstock.com
Шығыс Қазақстан облысында «Қазақстанда ТБ тоқтатайық» Ұлттық әріптестігін дамыту және туберкулездің ауыртпалығын төмендетуге азаматтық қоғамдастықтың қатысуын күшейту бойынша адвокациялық кеңесте осы саладағы маңызды әлеуметтік проблемалар талқыланды.
Қазақстанда туберкулездің ауыртпалығын төмендетуге азаматтық қоғамды тарту - өзекті бағыттардың бірі. Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, Қазақстан әлемде дәріге төзімді туберкулездің ауыртпалығы жоғары 30 елдің және ДДҰ-ның Еуропалық өңірінде дәріге төзімді ТБ ауыртпалығы жоғары тоғыз елдің тізіміне кіреді.
Шығыс Қазақстан облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының бас дәрігері Райфа Сафиоллинова атап өткендей, туберкулез енді халықтың әлеуметтік осал топтары арасында (үй-күйсіз жандар, ішімдікке, есірткіге тәуелді адамдар, АИТВ-мен өмір сүретіндер, мигранттар, аз қамтылғандар және т.б.) жиі ұшырасады. Облыс бойынша туберкулезге қарсы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде өңірде туберкулезбен сырқаттанушылықты 2015 жылдан бастап 35,2%-ға, 100 мың тұрғынға шаққанда 65,9-дан 2023 жылы 42,7-ге дейін төмендетуге қол жеткізілді. Тоғыз айда өлім-жітім көрсеткіші 2,5 есе азайды.
Шығыс Қазақстанда «туберкулез» компоненті бойынша «Қуат» ҮЕҰ жеті жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Міндеті - халықтың негізгі топтары арасында туберкулездің алдын алу, уақтылы анықтау және емдеу мәселелері бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандарына жәрдемдесу. Үкіметтік емес ұйымның аутрич-қызметкерлері бірінші жартыжылдықта үйсіз адамдар арасында туберкулезбен ауыратын үш адамды анықтаған. Олардың екеуі Алтай ауданының оңалту орталығына орналастырылды. Алайда енді біреуінің барар жері жоқ.
Науқас не зейнеткер, не мүгедектігі бар жан болмағандықтан, оны хосписке де, қайта әлеуметтендіру орталықтарына да алмайды екен.
Облыстың бас фтизиатры Райфа Сафиоллинова орталық дәрігерлерінің тәжірибесінде баспанасыз науқастар жиі кездесетінін атап өтті.
Облыстық әлеуметтік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Динара Қожанованың айтуынша, Шығыс Қазақстанда мүгедектігі бар жандар мен зейнеткерлерге қызмет көрсететін 12 әлеуметтік арнаулы қызмет орталығы бар. Динара Мұратбекқызы ол кісіге көмектесуге уәде берді.
Әлеуметтік көмек өте маңызды
Туберкулезбен сырқаттанған жандарды әлеуметтік қолдау өте маңызды. Ұзақ уақыт ауруханада жатқан адамдар жұмысынан шығып қалады, егер осал әлеуметтік топтарға жатса, кейде құжаты да, алатын жәрдемақысы да болмайды. Стационардан амбулаториялық емге ауыстырылғандар күн сайын емханаға келу керек, жол шығыны бар, сонымен қатар оларға нәрлі тағам ішу керек. Мамандардың сөзіне қарағанда, әлеуметтік көмек алатындардың арасында емнің тиімділігі 85-90 пайызға дейін жетеді.
Облыста туберкулезден амбулаторлық жағдайда емделетін науқастарға көрсетілетін әлеуметтік көмектің көлемі жылдан жылға артып келе жатқаны қуантады. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 37,05 млн теңге бағытталған, бұл 2023 жылдың осы уақытымен салыстырғанда 55%-ға артық. 2023 жылы алты айға 16,7 млн теңге бөлінген болатын.
Биыл алты айда мұқтаж адамдардың 90%-дан астамы (374 пациент) әлеуметтік көмекпен қамтылды, 2023 жылғы алты ай кезеңіндегі көрсеткіш - 78,8% (246 науқас).
Облыс бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің тиімділігі 2,7 есеге өсіп, 4,1%-ды құрады. Амбулаториялық науқастарды әлеуметтік көмекпен қамту 1,5 есеге өсті.