Хирургиялық емдеудің балама әдістерін пайдаланады – ШҚО
Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында 2023 жылдан бастап стереотактикалық радиотерапия және радиохирургия белсенді қолданылады. Бұл әдістер хирургиялық емдеуге балама болып табылады және орталық жүйке жүйесінің патологияларында, мидың, бауырдың, өкпенің қатерлі ісіктерінде, сондай-ақ сүйек метастаздарында қолданылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2022 жылы онкологиялық орталықта Elekta Versa HD жаңа буынының желілік үдеткіші сатып алынды, бұл пациенттерді сәулелік емдеумен қамтуды ұлғайтуға ғана емес, сонымен қатар қазіргі заманғы аппараттың қолданылу аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Бір жылдан кейін Минск қалалық клиникалық онкологиялық орталығының мамандары шығысқазақстандық әріптестеріне стереотактикалық радиотерапия және радиохирургия бойынша мастер-класс өткізді. Облыстық онкологиялық орталықтың радиациялық онкологтары тәжірибе алып, емдеудің жаңа әдістерін енгізе бастады.
Стереотактикалық радиохирургияның радиотерапиядан айырмашылығы - сеанстардың санында. Радиохирургия кезінде сәулемен сеанс бір рет, ал радиотерапия кезінде – бес ретке дейін жүргізіледі. Бұл әдістердің тиімділігі дәлелденген және бүкіл әлемде сұранысқа ие. Осы балама әдіспен емделетін пациенттерді қатаң көрсеткіштер бойынша іріктеп алады, ал емдеу тактикасын радиациялық онкологтар медициналық физиктермен бірлесе отырып анықтайды.
Радиотерапия және радиохирургия процедурасынан өткен кезде пациенттер ешқандай ауырсыну немесе ыңғайсыздық сезінбейді. Ем алғаннан кейін оларға қалпына келу үшін ауруханада қалудың қажеті жоқ. Айгерім Темірханова радиотерапия және радиохирургия сеанстарының қалай жүргізілетінін түсіндіріп берді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын шығысқазақстандық пациенттер радиациялық терапия мен радиохирургиядан өту үшін елордалық клиникаларға жіберілетін. Қазір аймақ тұрғындарына облыстан тыс жерлерге бару қажеттілігі жойылды.
Соңғы кезде онкологиялық клиниканың радиациялық онкологтары мен нейрохирургтары арасында тығыз ынтымақтастық орнатылған. Алдағы уақытта стереотактикалық радиотерапия мен радиохирургияны онкопроцестерде ғана емес, орталық жүйке жүйесінің өзге де ауруларында да қолдану жоспарлануда.