Заңсыз алынған активтерді қайтарумен айналысатын комитет қалай қаржыландырылады?
Фото: dalanews.kz
Мәжіліс депутаты Снежана Имашева заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөнінде қабылданған заңның мәнін түсіндірді.
Оның сөзіне қарағанда, аталған заң жобасын қабылдау кезінде Мәжілістегі барлық саяси партиялардың фракциялары, бірмандатты округтерден сайланған депутаттар құжат жобасын мақұлдайтындарын айтып, ұсынылған тұжырымдарды толығымен қолдады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Дегенмен, Парламентке кейбір сарапшылар мен заңгерлерден, конституция мамандарынан қабылданатын заңның Ата Заңға сәйкестігін тексеру қажеттігі туралы өтінім түскен.
Депутат елімізде ат төбеліндей топтың жердің үсті мен астындағы байлықты өзара еншілеп алғанын, соның ықпалымен экономикада, саясатта үстемдік құрып келгенін, ал қалған халық үлкен табыс таппақ түгіл, жайлы тұрмысқа зар болып отырғанын айтады.
Снежанна Имашева заңсыз алынған активті қылмыстық істен тыс тәркілеудің әлемдік тәжірибеде бар тәсілін ұлттық заңнамаға енгізетінін айтады.
Бұл жерде «ерікті қайтару» және «азаматтық мәжбүрлеп қайтару» құралдары қолданылады. Әуелі активінің сомасы 100 млн доллардан асатын адамдардың капиталының заңдылығы тексеріледі. Бұл тұлғаларды Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттарынан, қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған арнайы комиссия тізімге алады. Тізімге енген адамдар капиталының заңдылығын ашып көрсету керек деген сөз. Заңдылығын дәлелдеу үшін тиісті декларация тапсырады. Заңсыз активтерді іздеу мен қайтару ісі Бас прокуратураның жанынан құрылатын комитетке жүктеледі. Қайтарылған активтер қорға аударылып, әрі қарай қазақстандықтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталады.