KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 3,4 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Тосыннан келер тасқынға тас түйін дайындық қажет

31.03.2013, 18:00 207


Шығыс Қазақстан облысының әкімі БердібекСапарбаев Күршім ауданына барып, тасқынға қарсы дайындық шараларының барысымен танысты. Өңірдегі су басу қаупі бар кейбір телімдерді аралап көріп, жергілікті төтенше жағдайлар штабының мүшелерімен кездесті, нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жазықтарда жер беті қарайып қалған-мен, Алтай сілемдерінде әлі де қар қалың. Сай-саладағы сірескен қардың биіктігі кей тұстарда үш метрге дейін жетеді. Әдетте бұл қар сәуір-мамыр айларында қарқынды ериді. Сондықтан қазір тау етегіндегі өзендерде жағаны бекемдеу жұмыстары қолға алынған. Көктемгі тасқынға қарсы атқарылып жатқан аталмыш шараларды облыс басшылығы жіті қадағалауда.

Аймақ басшысы алдымен Күршім өзені жағасында салынып жатқан ірі бөгеттің құрылысымен танысты. Коммуналдық
шаруашылық мамандары қарғын суға қарсы ерекше тәсілді қолдануда. Яғни, олар қиыршық тас аралас топырақты төкпес бұрын, оның астына өзара сыммен байланған бөренелерді төсеп жатыр. Мұндай тосқын дүлей суға төтеп бере алатындай өте берік болады екен.
Тосыннан келер тасқынға тас түйін дайындық қажет
Бұдан соң облыс әкімі бастаған жұмысшы топ Маралды ауылдық округіне қарасты Платово селосының маңындағы және Ұранхай-Төсқайың автокөлік жолының бойындағы сел қаупі бар телімдерді тікұшақпен шолып шығып, орта Теректі өзеніндегі су қоймасының жағдайымен жіті танысты. Жергілікті мамандарға көмектесу үшін Теректі ауылында Оңтүстік Қазақстан облысынан келген арнайы жедел құтқару жасағы жұмыс істеп жатыр. Жасақ жетекшісінің орынбасары Ғалымжан Дүйсембаевтың айтуынша, 17 адам Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығы бойынша осында келіп орналасқан, үш техникасы бар. Құтқарушылар өзенге және су қоймасына тәулік бойы бақылау жүргізуде.
Аймағымызға Қарағанды, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан барлығы 200-ге жуық құтқарушы көмекке жіберіліп отыр.

Осыдан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Боран ауылында болып, сондағы Қара Ертіс өзеніне қойылған гидробекетте аудандық төтенше жағдайлар штабының мүшелерімен кездесті.

Қардың еру қарқыны және транс-шекаралық өзендегі су деңгейі аталмыш бекет арқылы бақыланады. Гидрологиялық бекет, сондай-ақ, Қытай жақтан келетін судың химиялық құрамын да автоматты түрде тексеріп тұрады. Елімізде осындай алты-ақ бекет бар, соның екеуі біздің облыс-та орналасқан, бірі – Қара Ертісте, екіншісі – Үржар ауданындағы Еміл өзенінде. Қазіргі уақытта Қара Ертістің деңгейі – екі жарым метрдей. Бұл жағдайдың қалыпты екенін аңғартады, алайда өзен негізінен мамыр айына таман таси бастайды.

– Бүгінгі іссапарымыздың мақсаты – ауданның жалпы жағдайын, болуы ықтимал су тасқынына дайындықтың барысын көру. Таңертеңнен бері біраз жерде болдық, байқауымызша, жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр, тиісті қаржы да бөлінген. Алайда, қауіп әлі сейілген жоқ. Өйткені, өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл қар бұрынғы жылдармен салыстырғанда көп түсті. Тауларда екі метрден астам қар жатыр. Сондықтан біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Сіздерге көмекке Оңтүстік Қазақстан облысынан арнайы құтқарушылар келіп жетті. Осындағы барлық күштік құрылымдар солармен бірге тығыз жұмыс істеуі тиіс, – деді аймақ басшысы кездесу кезінде.
Жергілікті атқарушы орган өкілдерінің айтуынша, ауданға тасқынның алдын алу жұмыстарына Үкіметтен 70 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген, ол қаражатқа қазір Күршім, Қаратоғай, Ақши, Маралды және Қалжыр өзендерінің жағалары бекемделіп жатыр.

Дайындық шараларына қажетті қаржы мәселесі облыс әкімінің тікелей атсалысуы арқасында оң шешімін тауып отыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Нұрбатшановтың мәліметінше, өзен жағаларын бекемдеуге Үкіметтен аудандарға 500 миллион теңге бөлінген.

– Ең басты міндет – бірінші тоқсанды ойдағыдай аяқтау. Елбасының «көрсеткіштер былтырғыдан кем болмасын» деген тапсырмасы бар, соған көңіл бөліп, барлық мүмкіндіктерді іске асыру керек. Одан соң биылғы мол ылғалды пайдалана отырып, егін мен жемшөптің көлемін барынша ұлғайту қажет. Келесі бір маңызды міндет – мал басын көбейту, осы орайда мемлекет ұсынып отырған бағдарламаларды тұрғындарға тиянақты түсіндіріңіздер. Мұнымен қоса, халықты жұмыспен қамту, қосымша табыс көздерін ашу, шағын су электр стансасын салу, елді мекендерде сенбіліктер мен көгалдандыру іс-шараларын өткізу бағыттарында да ширақ жұмыс істеуіміз керек. Тасқынға қарсы жұмыстар жалғаса береді, қазір «жағдай қалыпты, түн салқын, қар күндіз ғана ақырындап еріп жатыр» деп арқаны кеңге салатын кез емес. Барлық қауіпті телімдерде кезекшілік ұйымдастырылуы тиіс, бұл ретте көзбояушылыққа жол берілмеуі керек. Бүкіл техника, олардың жанармайы сақадай сай тұрсын, – деді кездесуді қорытындылаған аймақ басшысы.

Ержан Әбіш

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив