KZ
Өскемен
+19°
переменная облачность жел 3 м/с, Ю
441.59 480.27 4.99

Қазақты мазақтап нәпақа айырып жүрген Нұртас Адамбаевтың басы бәлеге қалды

26.04.2012, 18:00 231


Қазақты мазаққа айналдырып, сонысынан нәпақа айырып жүрген «Наша KZаша» ойын-сауық бағдарламасының әртісі Нұртас Адамбаевтың басы бәлеге қалды.

Адамбаев осыдан 5 жыл бұрын көлігімен адам қағып, енді өзі жарымжан қылған жігітке жәрдемдесуден қашып жүрген көрінеді.
Шоумен Адамбаевтың көлігінің астында қалып, көз жанарынан айырылған алматылық Мақсат Қуандықов 400 млн теңге өтемақы талап еткен. Қуандықов ол кезде небары 22 жаста болған. Адамбаев одан кешірім сұрап: «емдеу ақысын түгел төлеп берем» деп, келіскен көрінеді. Алайда жарымжан жігіттің ата-анасының сөзіне қарағанда, шоумен оларды құр сөзбен алдап, уақытты созып келіпті. Басқа амалдары қалмаған Қуандықовтардың отбасы енді өтемақыны сот арқылы өндіруге бел буған.



Оқиға былай болған...


2007 жылдың наурыз айында Абай мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолмен өтіп бара жатып сүрініп құлаған Мақсатты жолдан бұрылмақ болған Нұртастың темір көлігі қағып кетеді. Адамбаев әжуалап жүретін жол полицейлері оқиғаның үстінен түспеген сияқты. Сөйтіп, ол кезде оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғамай, екі жақ өзара келісімге келіпті. Келісім бойынша экс-КВН жұлдызы Қуандықовты емдетпек болады. Сөйтіп оның сөзіне сенген Мақсаттың ата-анасы арыздарын қайтып алған. Алайда Адамбаев содан кейін бойын аулаққа салып, Қуандықовтармен шекарасын мүлде үзген.
Жәбірленуші жігіттің әкесі Мұратбек Қуандықов: «Адамбаевтың айтып жүрген сөзі – Мақсатты бірнеше қалаға, тіпті шетелге апарып емдетпек болғанының бәрі өтірік» дейді.
Мақсаттың көз жанарын қалпына келтіру туралы ешбір ,дәрігер кепілдік бермеген. Оның үстіне емге көп қаржы кетеді. Мәселен, Израильде 62 мың доллар, Ресейдеде сол шамадағы ақы сұраған. Бес жылдан бері суқараңғы тіршілік кешкен жарымжан жігіт биыл 27 жасқа толыпты. Ал оны қара жолдың бойында қап-қараңғы тіршіліктің қапасына тыққан Нұртас Адамбаев қазір Тайландта телефильм түсіріп жүрген көрінеді. Оқиға жөнінде қандай уәж айтар екен деп, оның ұялы телефонына хабарласып едік, байланыс аясына түсе алмадық. Ал шоуменнің көлігінің астына түсіп, жапа шеккен азамат сөзге сараң болып қалған. КТК телеарнасының тілшілеріне «SOS» депті, онысы әскери тілде «жәрдем ет!» дегені екен.


Қазақты мазақ қылудың қисыны


Жұрт Нұртас Адамбаевты «Наша KZаша» арқылы таниды. Алайда оның өз ұлтын, салт-дәстүрін, тілін мазақ қылатын, бірақ сонысына арланбайтын мінезін түсіне алмайды. Адамбаев өз ұлты туралы не айтпады? КТК телеарнасы арқылы қалың қаракөздің салтын сайтанға теңеді, аламан айтысын әжуалады. Мүмкін оның осы сатирасы біреулерге қажет болар, мүмкін қазақты мазақ қылған жігіттерді қолдайтын біреулер бар шығар. Неге екенін кім білсін, КТК экраны арқылы «Наша KZаша» айылын Алтай мен Атыраудың арасындағы Алаш баласынан жимай-ақ қойды. Әжуалады, кемсітті.
Бір қызығы, соңғы жылдары қазаққа қарсы саясат сырттан емес, өз ішімізден, өз азаматтарымыздың қолымен жасалатын болған. Мәселен, жат құрлықтағы Борат боратқан киноға өкпелеп жүргенде өз ішімізден шыққан «жаулар» жұлымыр келді. «Наша KZаша»-ның жігіттері Нұртас Адамбаев пен Дәуіт Шайхисламов оның алды да, арты да емес екен. Ермек Тұрсынов: «Келінді» түсіріп, көшпенді мәдениетін «мәнерлеп» көрсеткен болды. Онысын қазақ өмірінен емес, ықылым замандағы тау халқы, – деп жалтарды. Бірақ «Қазақфильм» атынан түсірілген киноны басқа мемлекеттер «Қазақстан өнімі» деп қабылдайтыны анық.
Ермектен кейінгі «еркелікті» Жанна Исабаева деген кинорежиссеріміз де еркінше пайдаланып бақты. Ол екі-үш жылдың алдында ғана «Ойпырым-ай» деген картина жасап көптің қазақ киносына деген таза көңілін лайлап еді. Жуырда «Алматыда пәктігінен айырылу» фильмін шығарып, өзі де абыройдан біржола айырылды, картинасы кинотеатрларда көрсетілуге тыйым салынды. Мұның бәрі қазаққа, оның салт-дәстүріне қарсы жасалып жатқан дүниелер.


Табысы да, намысы да – қазақ!


Forbes журналы қазақ әншілері мен шоу-бизнес өкілдерінің арасында былтырғы жылдың ең табысты адамдарын анықтаған болатын. «Наша KZаша»-ның жігіттері шоу-бизнестегі «табысты жетіліктің» 3-орынына табан тірепті. Қазақты мазаққа айналдырып жүрген әртістердің КТК телеарнасындағы қаламақылары оларды Forbes-тың назарына іле алмайтыны айдан анық. Сонда шоумендер ақшаны қайдан табады?
Жуырда бір тойда Серік деген тамадамен таныстым. Ол орысша, қазақша екі тілде той басқарады екен. Әңгіме арасында «Наша KZаша»-ның жігіттерін сұрадым. Ол Нұртас пен Дәуітті танитынын, тіпті талай тойға шақырғанын айтты.

– Сонда оларды тойға кімдер шақырады?

– Өздері сияқты орыстілді қазақтар мен шовинис орыстар шақырады. Олар «Наша KZаша»-ның қазақты малға теңеп, салт-дәстүрін күлкіге айналдырғанға мәз-мейрам болады. Көрсеткен әжуаларына ақшаны да жақсы төлейді. Қарап тұрып қаның қараяды.

– Сол жігіттердің өздерімен сөйлесе алдыңыз ба, қазақты өздері әжуалағандай сайқымазақ көре ме екен?

– Жалпы, менің байқағаным, оларда қазақы мінез, ұлттық түсінік жоқ. Олар қазақты ауылда қой бағып жүретін, көшпенді, жабайы халық деп білетін сияқты. Сөздерінен түсінгенім, қазақ болып туғандарына арланатындай, өйткені, басқа ұлттың қыз-жігіттерінің алдында «біз – метіспіз» деп бөскенін көрдім. Өз ұлтын айтудан қорлану, намыстану Мұхтар Шаханов көкемізше айтқанда: «Мордиясы ғана қазақтардың тірлігі».

Жарас Кемелжан



Нұртас Адамбаев,
«Наша KZаша» бағдарламасының бұрынғы әртісі:


«Мен Мақсат Қуандықовтың не үшін машинамның астына түскенін түсінбеймін. Бірақ оқиға болған кезде туыстарыммен бірге оның қасында болдық. Емдеттік, дәрі-дәрмегін алып бердік. Тіпті үнемі ақша да беріп тұрдым. Бүгінге дейін жалпы қанша ақша бергенімді білмеймін. Ресейге де емдеткім келген, бірақ жолға билет алып қойған кезде олар өздері бас тартты. «Израильге емделем, 220 мың доллар тауып бер» деді. Менде ондай ақша қайдан болсын? Бірақ бәрібір Қуандықовтардың отбасы алдында менің арым таза!».

(Время газетіне берген сұхбатынан үзінді)



Арман Әубәкір,
«Адырна» ұлттық-этнографиялық сайтының бас редакторы


Жалпы қазақ телеарналарын әзіл-қалжыңға құрылған сайқымазақ бағдарламалары қаптап кеткені жасырын емес. Оның орнына тарихи-танымдық, мәдени-ағартушылық хабарлардың артқаны ұлт мүддесі үшін әлдеқайда тиімді емес пе? Бүгін күліп-ойнап, желпілдеп-желігіп жүріп, ертең зар еңірейтін күн туарын неге ойламаймыз? Осы бетімізден қайтпасақ «шырылдауық шегірткенің» кебі «айналайын» болатын түрі бар. «Наша раша»-ның қазақша нұсқасы «Наша казаша» сондай сәтсіз жобалардың бірі. Ресейлік әзіл-ысқақ бағдарламаның «раша» деген аты болмаса, заты түркітілдестерді мазақ етуге негізделген. Ал біздікілер өзімізді- өзіміз әпербақан-әңгүдік етіп жаһанға жар салғанға мәз. Олардың бірде қазақ қызын еуропалыққа қосып, «беташар» жасағаны қанды қайнатты. Қауқиған қалпақ пен сөлпейген шапан киіп, домбыраны қу таяқтай ұрғылап, орысша-қазақша аралас «каша» сөздермен бет ашқанына қарап бұларды «Бораттың братишкалары» дерсіз. Бағы жанып, дәуірлеп тұрған «Бораттың братишкалары» қазақтың түбіне жетпесін десек...




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив